Әкімдік пен полиция департаменті өкілдері вейп пен насыбай саудасына қарсы рейдке шықты

Елорда дүкендерінде насыбай саудасы тиылмай тұр. Тіпті, ескертуді елемей, қос-қостан айыппұл арқалап жатқандары да бар. Тексерістен тіксінбей, келген клиенттен құпия сөз сұрап, сата береді. Заңсыз сауданың жолын кесу мақсатында Байқоңыр ауданының әкімшілігі жергілікті полиция өкілдерімен бірлесіп, рейд жүргізді. 

Байқоңыр ауданындағы бұл дүкенге бұған дейін ескерту жасалған. Бірақ насыбайға қарсы заң шықса да, ескертуді елемей, шақшаны жасырын сатуын тоқтатпаған. Рейд барысында сатушыға 92 300 тг көлемінде айыппұл салынып, заңсыз өнім толығымен тәркіленді.

Бүгін Байқоңыр ауданы бойынша оннан астам дүкен тексеріліп, оның біреуінен заң бұзушылық анықталды. Полиция қызметкерлері қалған кәсібилеріне тек түсіндірме жұмыстарын жүргізді. 

Манат Жангелдіұлы, Байқоңыр аудандық учаскелік полиция инспекторы:

- Бүгінгі рейд барысында насыбай бойынша 10 дүкенмен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 1 әкімшілік құқық бұзушылық табылды. Яғни, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 196-бабына сәйкес, 92 300 тг мөлшерінде айыппұл салынды.