Депутаттар Алматы облысындағы бітімгерлік дайындық орталығына барды

Алматы облысындағы бітімгерлік дайындық орталығының жұмысымен Парламент депутаттары танысты. Олар Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен жүргізілетін операцияларда қызмет ететін әскерилердің, полицейлердің тіл білімін жетілдіретін конференц-зал мен оқу орталығының жұмысын бақылады. Небәрі 6 ай ішінде 150 әскери қызметкер тактикалық, инженерлік және медициналық арнайы даярлық курсын тәмамдады. Жеке құрам ағылшын тілін жетік меңгере отыра, күш қолдану тәртібі бойынша біліктілігін жетілдіріп, халықаралық және гуманитарлық құқық мәселелерінде білімдерін тереңдетті.

Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Бітімгерлік іс-қимыл – мемлекеттер арасында өзара диалог құрудың, дипломатиялық қарым-қатынас орнатудың, жалпы, бейбітшілік орнатудың бірден-бір жолы. Біздің сарбаздардың даярлығына, физикалық дайындық деңгейінің жоғары екеніне көз жеткіздік. Тіл білімдері де жетік. Атқарылған жұмыспен толық қанағаттандық. Сарбаздардың толық біліктілігін жетілдіруге жағдай жасалған.

Полигонда, бітімгерлік күштер база мен бөлімдерді қорғау, бақылау бекеттерін орнату мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық үйренгендерін паш етті. Әскерилер шынайы өмірде болуы мүмкін жағдайларда қалай әрекет ете алатындарын көрсетті. Мәселен, базаға минометтік шабуыл жасалғандағы қимыл-әрекеттер, алғашқы медициналық көмек көрсету, жараланғандарды эвакуациялау және инженерлік робототехниканы қолдану арқылы содырлардың жарылғыш заттарының көзін жоюға әзір екендіктерін тағы бір дәлелдеді.

Бауыржан Нығметуллин, ҚР Қорғаныс Министрлігі бітімгерлік дайындық орталығының бастығы:
– Қыркүйек айында бүкіл дайындық циклын аяқтадық. Қазір соңғы қадам – Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалау тобын күтіп отырмыз. Бағалау тобы өз жұмысын бітірген жағдайда, біз бітімгерлік операцияларға қатысуға 100% дайын боламыз. Қазір Қорғаныс Министрлігі, яғни Қарулы Күштер тарапынан барлық жұмыстар атқарылған. Жыл бойғы еңбегіміз зая кетпейді, кез келген жағдайда қызмет ете аламыз.

Айта кетсек, бүгінде қазақстандық бітімгерлік күштер Ливан, Батыс Сахара, Орталық Африка еспубликасы және Конгода қызмет атқарып жатыр. Қазір Қорғаныс Министрлігі отандық бітімгерлік күштерді Голан төбесіндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының операциясына қатыстыруды жоспарлап отыр.