Халық 100% ауыз сумен қамтылады

Құрғақ уәденің кесірінен құбыры құрғап тұрған қала мен ауыл аз емес. 90-ға тарта шаһардың тек 65-і сумен қамтылса, 6 мың 200-ден аса елдімекеннің 1 мың 120-сының кенезесі кеуіп отыр. Ал, халық суды баяғыда – ақ құдықтан емес, шүмектен ішу керек. Бірақ, бағдарламалар баянсыз болып тұр. Қыруар қаржы құмға сіңді. Бүгін үкіметте сумен жабдықтау мәселесі қайта көтерілді. Премьер-Министр 2025 жылдың соңына қарай халықты 100 пайыз таза ауыз сумен толық қамту керек деп талап қойды. Биыл шілдеге дейін өңір әкімдіктері 77 ауыл мен 28 қалада жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп үлгеруі тиіс.