Қыркүйекте Аралдың болашағына арналған Саммит өтеді

Аралдың экологиялық ахуалы әлем назарында. Биыл қыркүйек айында өтетін біртұтас су саммитінде осы өзекті мәселе талқыға түседі. Бұл бастамаға Франция мемлекеті айрықша қолдау көрсетіп отыр. Осыған орай Франция президентінің арнаулы өкілі Барбара Помпили бастаған делегация Қызылорда облысына арнайы келіп, аңқасы кепкен Аралдың жай-күйімен танысты.

Франция делегациясы алдымен «Балықшылар» музейіне барды. Мұнда теңізді өлкенің бай тарихы хатталған. Өткенге көз жүгіртсек, Арал көлемі жағынан әлемдегі төртінші көл саналатын. Балығы тулап, шағаласы шулаған айдынның ауданы 70 мың шаршы шақырымға дейін созылып жатты. Жайнаған жағада - қайнаған тіршілік. Сыр балықшылары бүкіл одақты теңіз маржанымен қамтыды. Қазір соның барлығы қиялға қонымсыз ертегі іспетті. Теңіз тарихына тебіренген меймандар көзжастарына ерік берді.

Барбара Помпили, Франция Президентінің арнаулы өкілі:

– Аралдың экологиялық ахуалы өте өзекті. Біз мұны біртұтас су саммитінде әлем назарына ұсынғымыз келеді. Жалпы біздің бастамамызбен климаттық өзгерістерді талқылауға арналған «Бір планета» кеңесі бүгінге дейін 7 рет өткізілді. Осы жиындарға 140 мемлекеттің өкілі қатысып, 45 құжатқа қол қойылған. Бұл жолы арнайы Арал мәселесі көтерілетіндіктен нақты бастамалар бекиді деп сенеміз.