Перзентханада «Бір күндік клиника» орталығы ашылды

Шымкенттегі перинаталдық перзентханада «Бір күндік клиника» орталығы ашылды. Қанат қақты жоба - құрсақтағы кеселді ерте әрі дәл анықтап, нәресте өлімін азайтуға бағытталған. 

Ақбота Райымқұлова үш перзенттің анасы. Төртінші сәбиін күтіп жүр. «Бір күндік клиникаға» алғашқылардың бірі болып келіп, тексерістен өтті. Генетик дәрігерден кеңес алды. Құрсақтағы баланың жағдайы жақсы. Бір күнде барлық тексеруден өтіп, нәтижесін жылдам алдым дейді ана.  

 Ақбота Райымқұлова, қала тұрғыны:

-Бір күнде барлық нәтиже шығады. Бір күнде уақытыңды тиімді пайдаланасың. Генетиктерден барлық ақпарат аласың. Бір күннің ішінде барлығын бітіруге болады. Алдын ұзақтау еді. Уақыт көптеу кететін. Ұзақтау күтетін едік.

Жаңа шетелдік биохимиялық зертхана небәрі жарты сағатта құрсақтағы бала ағзасының дамуындағы ауытқуларды дәл анықтайды. Сол арқылы дер кезінде ем-дом жасалып, ана мен бала өлімінің алдын алуға септеседі. Дәрігерлер құрылғыны үйрену үшін, Астана мен Екатеринбург қалаларындағы клиникаларда тәжірибе жинап қайтқан.

Гүлнара Доланова, ситогенетик-дәрігер:

-Бұл ситогенетикалық зертхана деп аталады. Бұл жерде біз адам ағзасындағы хромосомдарды анықтаймыз. Қалыпты жағдайда адамның ағзасында 46 хромосом болуы керек. Хромосоманның біреуі әкесінен, біреуі анасынан беріледі. Жынысы ер бала. Мынау ер кісінің хромосомасы. Қалыпты ақауы жоқ. 

Айта кетейік, жаңа орталықтағы барлық диагностикалық процедуралар мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен тегін жүргізіледі.