«Алтын Гефест» сыйлығы табысталды

Тау-кен металлургиясының үздіктері Елордада бас қосты. Екі күнге созылған 14-ші халықаралық тау-кен металлургиясының Конгрессі қорытындыланды. Дәстүрге сай кәсіпкерлер жыл сайын жиналып, өз өнімдерін таныстырып, жаңа инвесторлармен шарт жасасты. Сонымен қатар, салада үздік деп танылғандар «Алтын Гефест» сыйлығымен марапатталды.

«Метал дәуірі – сын-қатер мен ұтымды шешімдер». Бұл – шараның негізгі ұраны. Алдымен форум қатысушылары жыл бойы атқарған жұмыстарын таныстырып, отандық және шетелдік компаниялардан келіп түскен ұсыныстарды талқылады. 14-ші Халықаралық конгресске қатысуға әлемнің 20 мемлекетінен мыңнан астам делегат келген. Форум алаңында тараптар b2b форматында кездесу өткізіп, ірі инвесторлармен шарт жасасып, меморандумға қол қойды.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Біз сирек кездесетін металдарды дамытудың үлкен кешенді жоспарын қабылдадық. Әрине, бизнес өкілдері Қазақстанның индустриялық жаңғыруында, технологиялық трансформациясында белсенді рөл атқарады деп күтеміз және мемлекет үшін тау-кен саласын одан әрі дамыту үшін дұрыс институционалдық, құқықтық платформа құру өте маңызды.

Бірақ, тек тау-кен өндірісі саласында үздік болу толыққанды жеңіске жеткізбейді. Өндірген өнім халыққа пайдасын тигізуі керек, - дейді «Казцинк» компаниясының өкілдері. Алатмыш компания жыл сайын тапқан табысының 11 млрд теңгесін әлеуметтік жобаларға, тағы 20 млрд-тан астамын қайырымдылық пен демеушілікке, ал, 100 млрд-қа жуығын табиғатты қорғау шараларына жұмсайды.

Евгений Фоминых, «ҚазМырыш» ЖШС Қоғаммен байланыс жөніндегі басшысы:
- Бүгін біз «Үздік әлеуметтік жоба» сыйлығын алдық. Бұл әлеуметтік бағыттағы іс-шараны біз өткен жылы бірнеше ай бойы өткіздік. Оған Казцинк компаниясының 40-қа жуық қызметкері қатысты. Шындығында, біз бұл жобаны компаниямызды дамыту үшін әрі, кәсіпорындағы гендерлік алшақтықты азайту үшін қолға алған болатынбыз.

Биыл байқауға қатысуға 200-ден астам компаниядан өтінім келіп түскен. Сайыс қорытындысы бойынша тек 15 қатысушыға «Алтын гефест» сыйлығы табысталды.