Қазақстан 2030 жылға қарай электрондық сауданың үлесін 20% дейін жеткізуге ниетті

Қазақстан 2030 жылға қарай электрондық сауданың үлесін 20% дейін жеткізуге ниетті

Қазақстанда 2030- жылға қарай электрондық сауданың үлесін 20%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Былтырдың 11 айында ғана көрсеткіш барлық бөлшек сауданың 13%-ын құраған. Оның көлемі 2 трлн теңге шамасында болды.  Бұл жөнінде Сауда және интеграция министрлігінің басшысы мәлімдеді. Арман Шаққалиевтің айтуынша, негізінен интернет-алаңдар арқылы  үй жабдықтары, киім-кешек, азық-түлік пен косметика және дәрі-дәрмек өнімдері саудаланған. Елдегі қашықтан алыс-беріс үрдісін одан әрі дамыту үшін іс-шаралар жоспары бекітілді. Арнайы мектеп те ашылған. Онда электронды жеке кәсіп жүргізудің қыр-сырын 2 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі меңгеріп шыққан. Бұған қоса, ғаламторлық қызметті тұтынушылардың  құқығын қорғау қамында заңдық негіз құрылып, түрлі маркетплейстерде отандық өндіріс тауарларының аясы мен түрлері кеңейтіліп, қажетті инфрақұрылым жасалуда.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- 2024 жылдың соңына дейін трансшекаралық электронды сауданы ынталандыру үшін Қытай тарапымен бірлесіп Қазақстанда өңірлік қойма инфрақұрылымын құру мәселесін пысықтау жоспарлануда. Сонымен қатар, Ақтөбе және Ақтау қалаларында фулфилмент орталықтары мен бонд қоймалары желісін дамыту жалғастырылатын болады. Бонд қоймаларын ашу Қытайдан Еуропаға және кері бағытта тауарларды одан әрі транзиттеу үшін ірі шетелдік маркетплейстердің тауарларын орналастыруға мүмкіндік береді.