Қызылордалық белсенділердің «Біргеміз» атты облыстық волонтерлер слеті өтті

Қызылордада алғаш рет «Біргеміз» атты волонтерлердің облыстық слеті өтті. Белсенді жастардың басын қосқан шараға 100 жуық ерікті қатысты. Шара барысында олар өзара тәжірибе алмасып, түрлі шеберлік сағаттарын ұйымдастырды. 

Сыр жастарының игі бастамалардан тартынып қалған кезі жоқ. Әсіресе төтенше жағдайлар кезінде жұдырықтай жұмылып, жабырқаған жандарға жылулық сыйлауға бейіл. Басқасын былай қойғанда, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге алғашқылардың бірі болып қызылордалық еріктілер қолғабыс етті. Әкімдіктің көмегі өз алдына, нақты волонтерлік ұйымдардың бастамасымен Батыс аймақтарға бірнеше мәрте гуманитарлық көмек жіберілді. Тіпті сол жақта су кешіп, апатты аймақтарда айлап жүрген азаматтар бар.