Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігін бақылауда ұстауды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкілді қабылдады. Динара Зәкиева президентке бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Мемлекет басшысы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілгенін және балаларға қатысты зорлықтың кез келген түріне жаза қатаңдатылғанын атап өтті. Бұл осы бағытта қабылданған заңнамалық өзгерістердің нәтижесі. Заңға Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен азаматтық қоғам секторы бірлесе ұсынған нормалар топтамасы енді. 

Президент құқықтық сауат деңгейін көтеру және оқушылар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау маңызды екенін айтты. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес Біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленгенін еске салды. Мемлекет басшысы балалар қауіпсіздігіне баса мән беріп, оқыс оқиғалардың алдын алу мәселесін айрықша бақылауда ұстауды тапсырды.