Mind ғылыми-зерттеу орталығы таныстырылды

Қазақстан астанасында MIND ғылыми зерттеу және ғылыми талдау орталығы таныстырылды. Бірегей диалог пен акселерация алаңы Мақсұт Нәрікбаев университетінің жанынан құрылған. Ол ғалымдар түрлі бағытта сараптамалық зерттеулер жүргізу қамында ашылды.


Атап айтсақ мұнда саяси, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық және аймақтық деңгейдегі терең талдау жұмыстары жасалады. Бұл игі іске халықаралық деңгейде танылған беделді ғалымдар мен түрлі саланың жетекші мамандары жұмылдырылмақ.


Мәселен, Француздық Париж VIII университетінің геосаясат институтымен ынтымақтастық жөнінде келісімге қол жеткізілген. Тараптар Орталық Азия өңірінде бірлескен жобалар жасап, академиялық әріптестік аясын кеңейтуге ниетті.


Сонымен қатар құжат   қазақстандық студенттерге геосаяси зерттеулер саласындағы үздік француз тәлімгерлері мен сарапшыларының озық  тәжірибелерін үйренуге мүмкіндік береді.


Жалпы, отандық орталық бірінші кезекте тәуелсіз талдау жобаларын жүргізуге бағытталған. Шара қонақтарына осындай үш зерттеу қорытындысы ұсынылды. Қазақстандық ғалымдар мемлекет пен бизнестің нақты өзара іс-қимылын талдап, еліміздің екі мегаполисіне егжей-тегжейлі криминологиялық зерттеулер жүргізген. Сондай-ақ нормативтік құқықтық актілер мен заңдарды халыққа түсінікті тілде жазудың әдістемесін әзірледі.

 

Уго Эстекаханди, Париж VIII университетінің геосаясат институты Geode орталығының зерттеушісі:

 

MIND орталығының ашылуы әлемдік саясаттағы маңызды әрі белсенді Қазақстан секілді елде қазір барлық саяси шешімдер, эмпирикалық зерттеулердің академиялық сараптамаларына сүйенуі тиіс деген жақсы ұғымның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстанның әлемдік саясаттағы ұстанымы мен барлық ахуалдарын ескере отыра, біздің институт пен MIND орталығы көлік дәліздерінің дамуы секілді тақырыптарды түбегейлі зерттеумен айналысады. Себебі, сіздердің мемлекет көптеген халықаралық дәліздердің орталығы. Сонымен қатар, бірлесе цифрлық инфрақұрылымды зерттесек деген де ниетіміз бар.

 

Сергей Пен, Maqsut Narikbayev University ректоры:

– Біздің форматтың ерекшелігі – біз нақты нәтижеге ғана иек артамыз. Бізді еш нәтиже бермейтін зерттеулер мүлдем қызықтырмайды. Импорттың әлеуметтік өмірге, экономикаға, саясатқа және шешім қабылдау саясатына әсері секілді аса маңызды тақырыптарды зерттеуіміз қажет. Қорғаныс, Ұлттық қауіпсіздік немесе тұрақты дамуға қатысты барлық тақырыптар біздің назарымызда болады. Бұл дегеніміз – біздің аямыз өте кең.