«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкентте экологиялық тазалық шарасы өтті

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы әлі де жалғасып жатыр. Бүгін қаланың жеті аумағында тазалық шарасы өтті. Оған еріктілермен бірге қала тұрғындары да атсалысты.

Шымкентте тазалық шарасы 1 ай бұрын басталған. Осы күнге дейін қаладағы барлық көшелер реттеліп, суағарлар тазаланды, балалардың ойын алаңдары, скверлердегі орындықтар мен қоршаулар сырланды, талдар әктеліп,  жолдар реттелді. Бұған қала тұрғындары сүбелі үлес қосуда.

Фарида Ажарханова, қала тұрғыны:

- Біз өзіміз де ауламыздың алдын әр уақытта сыпырып, тазалап отырамыз. Ауламыздың тазалығы, өзімізге, балаларымызға жақсы. Қазақстанның табиғаты таза болып тұруы үшін айналаны әр уақытта таза ұстауға тұрғындар да тырысады.

Ал бүгінгі тазалық акциясы қаланың жеті аумағын қамтыды. Абай, Еңбекші және Әл-Фараби аудандарындағы көпқабатты тұрғын үй аулалары да абаттандырылды. Агропром гүлзары мен Сайрам және Жангелдин көшелеріндегі көпқабатты үйлердің аулалары тазаланды.