74 отбасы баспаналы болды

Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты көмек беріліп жатыр. Бүгін баспанасыз қалған 74 отбасына Қостанай қаласынан пәтер берілді. Олардың дені осыған дейін ауылда тұрғандар. Қала тұрғыны атанып, қоныс тойын тойлағандарды аймақ басшысы Құмар Ақсақалов құттықтады.

Алтынсарин ауылының тұрғыны Анжелика Холодкова 2 ай бойы балаларымен туысқандарының үйін паналап келді. Оның су астында қалған үйі жарамсыз болып қалған. Енді ол қалада тұратын болады. Оған облыс орталығынан жайлы пәтер берілді.

Анжелика Холодкова, Алтынсарин ауылының тұрғыны:

- Тағдырдың жазуы осылай болды, үйіміз жарамсыз болып, сүрілген соң, бізге осы пәтерді беріп отыр. Біз алдымен ойландық, бірақ осында келіп, барлығын көрген соң, бірден келістік. Барлық жағдай жасалған. 

Қостанайда бүгін 74 отбасы баспаналы болды. Олар Алтынсарин, Мичурин ауылдарымен қоса, саяжай қауымдастығының тұрғындары.