Елдегі көмір қоры 300 жылға жетеді

Баламалы энергия көздеріне басымдық берілгенімен, көмір өндірісі азаймайды. Астанада өткен көмір өнеркәсібінің 5-і форумында бұл шикізаттың еліміздегі қоры 34 млрд тонна, яғни 300 жылға жететіндігі айтылды. Қазақстан жаһандық климаттық өзгерістерге қарсы 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығы жолына түспек. Бірақ, еліміздегі тау-кен өнеркәсібінің өкілдері өндіріс бағытын өзгертуге бел байлады. Десе де, көмірді тек отын ретінде ғана қарамай, терең өңдеу әдісі арқылы 400 астам өнім түрін алуға болады. Өз кезегінде, олардың құны көмірден 20-25 есе қымбаттайды. Мәселен, ауыл шаруашылығына арналған тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмектер жасау үшін қазір зертханалық сынақтар жасалауда. 

Болат Ермағамбет, Көмір химиясы және технология институтының директоры:

– Мысалы одан көптеген заттар алуға болады. Көптеген металлдар, сирек металлдар алуға болады. Жер сілтілік материалдар алуға болады. Былай қарасаңыз, көмір – кешенді шикізаттың түрі. Өндіріске енгізу жұмысы бір күндік жұмыс емес. 2-3 жылдың ішінде біз үлкен өнеркәсіп орнын құрамыз. 

Шикізат қоры бай елдерге одан бас тартуға негіз жоқ. Тек өңдеу технологиясын жаңғырту қажет. Әсіресе, Қазақстан табиғи байлықтарға сұраныс бар кезде пайдаланып, экспорт қарқынын ұлғайтқаны жөн. Көмірге деген сұраныс жақын арада азая қоймайды, -дейді форумға қатысқан шетелдік ғалымдар. 

Александр Соболевски, Польша Ұлттық технология институтының директоры:

– Шикізат бар жерде технология табылады. Мәселен, кейбір технологиялары дамыған мемлекеттердің өзі қазба байлықтарға тәуелді. Жапонияны алып қарайтын болсақ, Аустралиядан көмір импорттауға мәжбүр. Дегенмен, олар, экологияға зиян келтірместен өңдейді. Сол себепті, Қазақстанға өзінің экспорттық әлеуетін күшейтуіне мүмкіндік жеткілікті. Бар болғаны, модернизация керек.