Жылыту маусымына дайындық төмен

Жылдағы жыр. Жылыту маусымына биыл да дайындық төмен. Бүгін Үкіметте қысқа әзірлік жұмысы пысықталды. Премьер-Министр кестеге сәйкес инфрақұрылымдық нысандарды жөндеуге кіріспеген өңірлерді жіпке тізіп берді. Мәселені дереу реттеуді жүктеді.


Премьер-Министрдің тапсырмасы тап-тұйнақтай орындалмай тұр. Жылу нысандарын жөндеу мерзімі кейінге жылжыған. Ондай мысал әр облыста бар, деді Олжас Бектенов. Мысалы Екібастұзда мамырда басталуы тиіс жұмыс маусымның соңына ауысқан. Таразда да тура сондай жағдай. Теміртауда 2-ші жылу орталығындағы 2-ші қазандықты қалыпқа келтіру ісі сәуірден бері сіресіп тұр. Ал Жезқазғандағы 5-ші қазандықты жөндеуге тек осы айда кіріскен. 


Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

– Алайда, оператор КЕГОК бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесін меншік иелері өз беттерінше өзгертуін доғармай отыр. Биылдың өзінде ғана жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген. Оған әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің келісімі де алынбаған. Яғни, аталған фактілер бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр.