Қан тапсыратын донорларға төленетін ақы көбейді

Енді қан тапсырып қалтаңызды қампайтсаңыз болады. Яғни, донорларға төленетін ақы көлемі өседі. Денсаулық сақтау министрлігі нақты сомманы әлі бекіткен жоқ. Бірақ құны шамамен 5 мың теңге. Қазіргі төлем көлемі 900 теңгеден сәл асады. Бұл қан тапсырған соң энергетикалық құндылықтарды қалыптастыруға жұмсалатын қаржы.

Дегенмен, күнде қан тапсыруды тұрақты жұмысқа айналдыра алмайсыз. Өйткені бір адам жылына 6 рет донор бола алады. Оның ішінде денсаулығы жақсы, созылмалы сырқаттарға шалдықпағандардың ғана қаны кәдеге жарайды. 

Сонымен қатар, ыстық елдерге жиі баратын жандардан да уақытша қан алынбайды.

Дулат Имашпаев, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы төрағасының бірінші орынбасары:

– Ота жасалған адамдар, тістерін жұлған, тағы да кішкентай оталары бар, содан кейін татуировкалары қойылған адамдар болады. Одан кейін кейбір Оңтүстік Азия мемлекеттерінде, Африка мемлекеттерінде, Оңтүстік Америка мемлекеттерінде болған адамдарға біз алты айға дейін отвод береміз. Себебі ол жақта инкубациялық, инфекциялық аурулар көп таралған.