Қостанай облысында KIA автомобильдерін шығаратын зауыт ашылады

Қостанай облысында келесі жылы KIA автомобильдерін шығаратын толық циклді зауыт ашылады. Өндірістің толық циклі 25-ші жылдың екінші тоқсанында іске қосылады деген болжам бар. Бұл туралы Қазақстан-Корея бизнес-форумы аясында Allur компаниялар тобының төрағасы Андрей Лаврентьев мәлімдеді.

Сонымен қатар, форум барысында басқа да келісімдерге қол қойылып, қос тарап автоиндустрияны дамыту жөнінде келісімге келді. 

Автомобиль құрылысы Қазақстан мен Корея арасындағы серіктестік пен достық қарым-қатынасты арттыра түседі. Бұған Қостанайда іргетасы қаланған KIA автомобилінің толық циклді зауыты дәлел. Оңтүстік кореялық компания тарихта алғаш рет зауыт жұмысын жандандыру үшін Қазақстандағы құрылыс жұмыстарына 200 млн доллар қаржы құйған.

Андрей Лаврентьев «Allur компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:

– Құрылыс қарқынды жүріп жатыр, қазір әкімдік тарапынан инфрақұрылымды жүргізу, электр қуатын арттыру және осы зауытқа қажетті барлық ілеспе жұмыстар аяқталуда. Келесі жылдың соңына дейін жоба толығымен жүзеге асырылады деп үміттенеміз. Бақылау, сертификаттау үшін алғашқы автомобильдер келесі жылдың ортасында пайда болуы мүмкін.