Шымкент қаласында экологияны жақсарту үшін 29 жоба әзірленді

Былтыр Шымкентте 200 мың түп ағаш егілді. Ал биыл шаһардың әр аумағына 121 мың көшет отырғызу жоспарланған. Жалпы мегаполистің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында жол картасы әзірленіп, 29 кешенді жоба дайындалған. Еліміздің Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Шымкентке келіп жергілікті тұрғындармен қаланың экологиялық мәселесін талқылады.

Еркін форматтағы басқосу ашық диалог түрінде өтті. Қала тұрғындары мен қоғамдық ұйым мүшелері көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды. Көпшілікті әсіресе тұрмыстық қалдықтар мен  өзен суларының ластануы алаңдатады.