«Таза Қазақстан» акциясы аясында 900 мың тонна қоқыс шығарылды

 «Таза Қазақстан» ауқымды акциясының қорытындысы жарияланды. Үкімет Президент тапсырмасына сай экологиялық мәдениетті дамытудың тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Құжат 5 жылға арналған. Биыл қыркүйекте дайын болуы тиіс. Бұл да «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясынан туған бастама.

Көрінген жерге қоқыс лақтыра салу қоғам дерті. Ішкен-жегеннен босаған құтыны да, темекі тұқылын да тастайтындар бар. Қала іші қоқсып, дала бықсып кеткенін ұяты барлар әлеуметтік желіде жиі жариялайтын.

Президент көптің тілегін өзгеше түлетті. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізуді тапсырған. Бірақ, ол әдетке айналғандай көз бояушылық науқанға айналмауын да қатаң ескертті.