ТрансАуған дәлізі іске қосылды

Қазақстан мұхитқа шыға алмаса да күре жолдың үстінде отырған ел. Ел аумағынан 13 халықаралық дәліз өтеді. Бесеуі теміржол, қалғаны көлік жолы. Соның ішінде ТрансАуған бағыты да бар. Жуырда іске қосылды. Алғашқы тауар Павлодардан кетті. Екі жүк көлігі 21 тоннадан тиеп, «Жетіген» логистикалық орталығына жеткізген. Одан әрі контейнерге көшіріліп, Пәкістанның Карачи портына жөнелтілді. Әрі қарай Біріккен Араб Әмірлігінің Жебел-Әли айлағына жүк 38 тәулікте түсірілді.   

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

– Трансауған дәлізі бастауын Беларусь елінен алады. Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Ауғанстан содан барып, Пәкістан мен Үндістанға жүктерді тасымалдауға мүмкіндік береді. Одан кейін порттар арқылы да басқа жақтарға кете береді. Еліміздің осы ТрансАуған дәлізін дамытуда қосып жатқан үлесі мынау оңтүстікте Дарбаза-Мақтаарал деген теміржол желісі бар. Былтыр жыл соңында құрылысы басталды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жүктерді тасымалдаудың жалпы көлемі 10 млн тоннадан асады. 

Трансауған дәлізінің бастауы Беларусь пен Ресей болғанымен кейінгісіне көп елдің көзқарасы белгілі. Сондықтан Орталық Азия бұл теміржолды тиімді пайдалана білуі тиіс. Себебі, Парсы шығанағына, Үнді мұхитына жол ашады. Өзара серіктестікте ірі жобаларды ірікпей, бірлесіп, іске асырғандары абзал, - дейді сарапшылар.   

Сапарбай Жобаев, экономист:

– Орталық Азияда энергетикалық әлеуетіміз жоғары. Мұнай, газ, уран көп. Ал, оңтүстік мемлекеттер үлкен Пәкістан, Бангладеш, жаңағы Оңтүстік-Шығыс Азия немесе Үндіде бұл энергия көздері аз. Сондықтан, олар негізі мынау Араб елдерінен алады. Себебі, ол жақын. Біз соған бәсекелес ретінде энергетикалы, металл ресурстарын, ең негізгісі азық-түлік тауарларын жіберуіміз мүмкін. Қайсы елдер алады? Әрине сол Пәкістан, Ауғанстан, Үндістан, Бангладеш. Ар жағында Вьетнам, Лаос, Индонезия қосылуы мүмкін.

Қазақстан теміржолы компаниясының жоспарынша трансауған дәлізі арқылы маусым – шілде айларында тағы 60 контейнер жөнелтіледі. 

Сәбит Рысбаев, экономист:

– Экспортты тауарлар көбейеді, 40 пайызға артады деген болжамдар бар. Негізі өз басым мен қатты артып кетеді деп ойламаймын. Себебі, ең маңыздысы бұл жерде Ауғанстан. Ауғанстанда саяси тұрақсыздық бар. Бизнеске ең керек нәрсе – тұрақтылық, жақсы атмосфера. Ресейге, Беларусияға санкциялар қойылғаннан кейін альтернативті жолдар қарай бастайды. 

Осылайша күре жолдардың күрмеуі шешіліп жатыр. Бұдан бөлек ел тарихында алғаш рет Қытайдан тиелген 80 тонна жүк Қазақстан арқылы Еуропаға тасымалданды. Бұл тізбекте аталған екі елден басқа Әзербайжан мен Грузия бар. Қатынас құрық порты арқылы орнаған.