«Jibek Joly» - жақсылықтың жаршысы

Әдетте, біз, тілшілер өзіміз туралы айта бермейміз. Тек, төл мерекеде еткен еңбегімізге есеп береміз. Президент Телерадиокешенінің құрамындағы «Jibek Joly» және «Silk Way» телеарналары ақпарат айдынына қосылғалы көп болған жоқ. Бірақ, талантты, креативті ұжым - көрерменнің көзайымына айналған көп дүниені эфирге шығарды. Халықтың бағасын да алды. Алдағы уақытта тағы қандай жобалар көрсетіледі? «Jibek Joly» - елдегі ең жас телеарна. Хайп қумайды. Арзан дүниемен көрерменнің көңілін арбамайды. Тілшілер орамды ой айтып, тақырыпты салмақты сараптайды. Қоғамдық, һәм мемлекеттік мәселелерді қаузайды. Арна эфиріндегі «Жаңа уақыт», «Уәде», «Наша история», «Шетелдегі қазақ балалары», «Ана болғым келеді» секілді жобаларының рейтингі жоғары. Үздік бағдарламалар қатарына жақында көрерменге жол тартқан «Таза қала» хабары қосылды. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қолға алынды.