Шарбұлақ ауылында ішімдік сатылмайды

Қазығұрттағы Шарбұлақ ауылының халқы ішімдік сатудан бас тартқан. Осының арқасында биыл ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ертеден ауыз бірлігі бекем ауыл тұрғындары былтыр әкімдерін өздері таңдап, сайлап алды. Халық таңдауы түскен әкім ауыл ажарын ашып, қордаланған мәселелерді шешу бағытында жұртпен бірлесіп белсенді жұмыс атқарды.

Шарбұлақтың түтіні бұған дейін де түзу едә. Ауылдағы ағайынның бірлігі бекем. Былтыр мұндағы жұрт әкімдерін өздері сайлап алды. Қызметке кіріскен жаңа әкім алдымен қарияларымен ақылдаса отырып ауылда ішімдік сатпау жөнінде ұсыныс жасаған. Бастаманы 13 дүкен түгел қолдап, алкоголь сатудан бас тартқан.

Сандуғаш Есіркепова, дүкен иесі:

– Жақсы, қазір арақ сатылмайды ауылымызда. Тоқтатқаннан кейін сауда болмай қала ма деп қорықтық алғашында. Жоқ, сауда болды, барлығы жақсы. Сауда өз ретімен өзі реттеле береді екен. Кәдімгідей тыныш болып қалды ауылымыз. Тазалыққа да жақсы екен.